Басты жаңалықтар

Мәртөкте  жаңа мешіт ашылды

Кеше, қасиетті жұма күні Мәртөкте құрылысы 2017 жылы басталған 300 орындық жаңа мешіт ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып,  рухани орталықтың  тұрғызылуына  үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты. Бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті ынтымақтаса тіршілік етіп жатқан, бір-бірінің дәстүрі мен діни сенімдерін ерекше құрметтейтін көпұлтты Мәртөк тұрғындарына ризашылығын білдірді: — Елімізде әртүрлі діни сенімдегі және көптеген этникалық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Дін — тұрақтылық пен ауызбіршіліктің алтын көпірі. Ұлт көсемі, данышпан Әлихан Бөкейханов: «Халқына қызмет ету білімнен емес, иманнан; шайтан жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылған» деп тамаша өсиет қалдырған ғой. Рухы биік, жаны таза адамның пиғылы да дұрыс болады.

Біз де осы имандылық үйі адамдар арасындағы ізгілік, адамгершілік қатынастарды одан әрі  нығайтады деген ойдамыз. Сонымен бірге осы жаңа мешіт ата-бабамыздан қалған дәстүрлі діни жолды насихаттауға, жастарымызды түзу жолға салып, тәрбиелеуге үлес қосатынына сеніміміз мол, — деді облыс басшысы жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде.

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан жамағатты құттықтау сөзінде  осы құлшылық үйі облыста жаңадан  ашылған 69-шы мешіт екендігін айтты. Аудан орталығындағы ескі  мешітте бұрын  150 жамағат  сыятын болса, жаңа орында 300 жамағат бір мезгілде құлшылық ете алатындығын ерекше атап көрсетті.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин мен облыстық мешіттің бас имамы Төлеби Оспан  жаңа мешіттің лентасын қиған соң жан-жақтан келген қонақтар, аудан тұрғындары  екі қабатты құрылысты аралады. Ортасында үлкен күмбезді, екі мұнаралы  жаңа құрылыстың ерекшелігі — көпшілік мешіттердегі тәрізді бағаналар тұрғызылмаған. Бірінші қабатында үлкен зал орналасқан, екінші қабатында әйелдер намаз оқитын үлкен  бөлме бар. Төлеби Оспан барлық діни рәсімдерді мешіттің үлкен залында өткізу керектігін ескертті. Бұл жерде имамдар дәстүрлі мазһаб бойынша жастардың түрлі сұрақтарына жауап беріп,  адамгершілік, рухани тәрбиеге қатысты кеңес беретін болады.

— Мұнаралар Алланың үйін басқа құрылыстардан ерекшелендіріп тұрады. Егер де бұрын азаншылар жамағатты намазға шақыру үшін  мұнараларға мініп-түсетін болса, қазір  осы мақсатта  жаңа микрофондар мен  заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланамыз, —  дейді аудандық мешіт имамы Берік Мұқанов. — Болашақта   мешіттің   тек діни рәсімдерді өткізетін  орын емес, мұсылмандық ағартушылық орталыққа айналғанын қалаймыз. Исламның нағыз құндылықтарын насихаттайтын, гуманистік идеяларды таратушы, оқу-ағарту жолындағы ізгі орталық болуы үшін жұмыстар атқармақшымыз. Мұнда тек мұсылман жамағатын емес,  басқа да діндегі азаматтардың да басын қосып, рухани-адамгершілік сабақтарын өткізбекшіміз. Жазғы каникул кезінде Құран үйрету сабақтарын бастауды жоспарлап отырмыз.

Мәртөк ауылының  ақсақалы Кәжіб Бижанов қол жайған жамағатқа ақ батасын берді. Екі жылдан бері  құрылыстың іргетасынан бастап, соңғы кірпіші қаланғанға дейін басы-қасында жүрген «Мәртөк-құрылыс» ЖШС директоры Айбар Уақбаевтың айтуынша,  құрылысқа 25 миллион теңге жұмсалған.

Осы шара кезінде   мінәжат үйі жанына 13 шырша ағашы егілді. Рәсімнен соң аудан кәсіпкерлері көпбалалы отбасыларға қаржылай көмек сертификаттарын табыстады. Жеке кәсіпкерлер Зұлхожа Қожаев Гүлжан Қазиеваға 500 мың теңге, Ербол Үмбеталин Гүлайым Мұналбаеваға 300 мың теңге, Болатбек Байтурлин Валентина Винске 300 мың теңге, Мұхтар Ермұханов Құрбангүл Тоқтабаеваға 300 мың теңге көлемінде тұрғын үй жөндеу жұмыстарына сертификаттар табыс етті.

 

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

                                                                   Елена ОНИСЬКОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button